http://ubt.bugin.kz/images/stories/ent.jpg

ҰБТ-дан 125 балл алған екі ақтөбелік оқушы көлікті болды. Білімдегі ең үздік көрсеткіші үшін олар облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолынан судай жаңа көліктің кілтін алды.

Биылғы «Жас түлек – 2010» фестивалі Ақтөбе қаласының ең көрікті жеріне айналған жасыл гүлзарда өтті. Қала мектептерінен екі мыңға жуық түлек қатысқан салтанатты шарада облыс әкімі ҰБТ-дан ең жоғары балл алған екі оқушыға – темір тұлпардың кілтін, ал «Алтын белгі» иелеріне ноутбук сияқты бағалы сыйлықтар табыс етті. Ақтөбе облысы бойынша 147 түлек «Алтын белгі» иегері атанған. Жалпы, биыл Ақтөбе облысы ҰБТ бойынша орташа есеппен 83,8 балл жинады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 балға жоғары.

Ақтөбе облысы бойынша ҰБТ-дан ең жоғары 125 балл алған Әсем Боранбаева мен Үміт Ғұбай – Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының түлектері.

– Алғашқыда сынақ тапсыруға кіргенде, қиналып, абдырап қалғанымыз рас. Кейіннен бойымыз үйренді ме, әйтеуір, бәрі есімізге түсті. Байыппен қарасақ, жыл бойы өзіміз дайындалған кездегі алдын ала сынақта жауап берген сұрақтар екен. 3,5 сағат ішінде 125 сұраққа жауап бердік, – деп еске алады екі үздік.

Бұл екі түлек те – жыл бойы алдын ала сынақ кезінде жоғары көрсеткіш көрсетіп келген оқушылар. Мектеп-интернат директоры Қарагөз Тілеумағамбетованың айтуынша, жалпы, бұл мектеп-интернаттан ҰБТ-ға 24 бала қатысып, оның екеуі ең жоғары балл алса, 10 түлек «Алтын белгі» иегері атанған. Екі бала үздік аттестатқа қол жеткізген. Мектеп-интернаттың ҰБТ бойынша биылғы көрсеткіші орташа есеппен 114,4 балл.