Бүгінгі кейіпкеріміз тағдырын музыкамен байланыстырып, сахна мен микрофонсыз өмір сүре алмайтын жас жігіт. “ASh ҚаZақ Pro” лейблінің негізін қалағандардың бірі, елімізге танылған рэп орындаушы Шыңғыс Әлкеев “Екпіннің” оқырмандарына қазақ рэпінің тарихы мен қазіргі жағдайы турасында әңгімелеп берді.

- Кәсіби музыкантсыздар ма?

- Кәсіби болғанда, дипломымыз жоқ. Басында бұл хобби болып басталған дүние. Уақыт өте келе дертімізге айналып кетті. Тастайық десек, тастай алмаймыз. Рэпперлер рэпті дерт деп айтады. Біз сол жазылмас, айықпас дертке шалдыққан адамдармыз. Бұны хобби деп те айтуға келмес, өйткені бұл өміріміздің бөлшегі. Жұмыс деп те айтуға келмейді, өйткені жұмыс емес. Сондықтан да, шынымды айтсам, бұл сұраққа жауап бере алмайды екенмін. Бірақ кәсіби сияқтымыз.

http://im2.asset.yvimg.kz/userimages/arsik/ya2K5P6PMTiAUGaVnf21X58Uz49WN7.jpg

- Ән жазу, көпшіліктің алдында ән айту қашаннан басталды?

- Жеке маған келетін болсақ, мен рэпке 9-сыныптан бастап қызыға бастадым. Сол кезде ресейлік Дэцл, Шeff деген рэпперлер пайда болды. Кейіннен 2004 жылы Алматыға оқуға түскен кезде ақтаулық Жан, Бауыржан деген жігіттермен таныстым. Бұрын жазбаша ақын едім. Кезінде Шымкентте облыстық газеттерге жазған өлеңдерім шығып та жүретін. Өлең жазатынымды білген жігіттер: “сөз жазады екенсің, әнімен айтып көрші” - деді. Айтып көрдім, ұнап қалды. Осылайша 2008-жылдан бастап мен де рэп әлеміне кіріп кеттім.

- “Ash ҚаZақ Pro” тарихы жайында айтып берсеңіз.

- “Ash қазақ” басында студенттік кинофильмдер түсіретін орталық болған. Біз сонда фильм түсіретінбіз. Шағын, яғни қысқа метражды фильмдер түсіріп, түрлі студенттік фестивальдерге қатысатынбыз. Бірінші «Дидар» деген студентік кинофестивальден бастадық. Сосын «Шәкен жұлдыздары», Астанада өткен «Шабыт» фестивалі. Одан кейін біртіндеп осы рэпке ауысып, ойысып кеттік. 2009-жылдан бастап нақты рэппен айналыса бастадық.

http://im5.asset.yvimg.kz/userimages/arsik/pFKmeJ7GpG3DLitsIJdc0nM292EBAI.jpg

- Неге “Ash ҚаZақ” деп аталдыңыз?

- “Ash ҚазZақ” - бұл лейбл немесе продюсерлік орталық. Былайша айтқанда, көптеген әртістерді біріктіретін ұйым. Басында ашылғанымызда Ақтау мен Шымкенттің жігіттері болып, жобаны бірлесіп жасадық. Сонда әр қаланың бастапқы әріпін алып, “Ash қаZақ” болып аталдық.
Қазір жалпы саны 15 шақты әртіс пен топтан құралғанбыз. Лейбліміз әлі құрылмаған кезде МС-лер орыс тілді болатын. Себебі рэпті сапалы оқитын, жақсы мәтін жазатындар солар еді. Ал қазақтар өте аз болатын. Уақыт өте келе, 2008-жылдан бастап қазақша хип-хоп батлдар ұйымдастыра бастадық. Сол кезде қазақша рэп оқитын жігіттер, қыздар көптеп көріне бастады. Соларды іріктеп, жинай бастадық та, орысша рэп оқитын МС-лерден бас тартуға тура келді. Өйткені қазақша рэпті дамыту мәселесін басты назарға алдық. Жастар арасында қазақ тілін насихаттап, оны сәнге айналдыруды мақсат етіп алдық.
Бүгінде өз мақсатымызға тура жолмен дұрыс келе жатқандаймыз. Бұрындары қоғамдық орындарда қазақша рэпті тыңдау деген ұят нәрсе-тін, қазір қарап отырсам, қазақша рэпті тыңдайтындар көбейді. Машиналарда да, базарға барсаң да, өзге жерде де қазақ рэпін айқайлатып қойып қояды. Қазақша рэп тыңдау енді ұят емес.

- Фанаттарыңыз көп деп естіп жатырмыз...

- Фанаттарымыз көп деп айтады. Бірақ бізге қашан да аз көрінеді. Қанағатшылдығымыз жоқ сияқты. Одан әрі көбейе берсін.

- Мысалы, қай облыста тыңдарман саны аздау?

- Шығыс Қазақстаннан бастап Қызылордаға дейін бардық. Орынборда да болдық. Маған Павлодарда фанаттарымыз аз сияқты көрінеді (күліп).

- Ал тыңдармандарыңыздың жасы нешеде?

- Концерт берген кезде байқап отырсақ, орташа шамамен 10-23, 24-ке дейін. Кейде тіпті 28, 29 жастағы жігіттер де келіп, «фанат едік» деп, суретке түсіп жатады.

- Ал концерт билеттеріңіздің құны қандай?

- Бізді қалаларға арнайы ұйымдастырушылар шақырады. Әр облыстың әлеуметтік жағдайына байланысты бағасы да әр түрлі. Бірінде 1000 теңге болса, бірінде 800 теңге. Негізінен ұйымдастырушылар баға саясатын өздері жүргізеді ғой. Ең қымбат билетіміз Тараз қаласында 1500 теңгеге сатылған.

- Қазақстандық рэп орындаушыларынан кімнің шығармашылығы ерекше ұнайды?

Қазақстандық МС рэп орындаушыларынан ерекше құрметтейтін жігіттер бар. Солардың бірі ақтаулық Домалақ деген жігіт. Ол қазір Америкада жүр. Бұл жігіттің шығармашылығы өте жақсы, сапалы. Өскеменнің Хаттаб деген жігіті бар. Ол лирик, әрі рэпті де жақсы оқиды. Осы жігіттерді жеке атап өте аламын.

- Қазақ тілінде рэп оқитын қыздар бар ма?

- Ия, қыздар бар. Бірақ олар біз сияқты рэпке беріліп, “ауырып” жүрген жоқ. Себебі қоғамда қалыптасқан қазақи түсінік жібермейді: ұят қой, мені ешкім сосын алмай қояды деп (күліп). Көбісі тиіп-қашып жүр. Мысалы, Талдықорғаннан Сәнім, Байқоңырдан МС Love, Атыраудан Акося деген қыздар бар.

- Соңғы жылдары интернет пен ТВ-да “Buhar jerreau” атты отандық топ өз өнерімен көпшілікті таңқалдырып жүр, бұл орындаушыларға қандай баға бере аласыз?

- Ол жігіттердің музыкамен айналысып жүргеніне 13-14 жылдай болды. Бірақ енді ғана көпшілікке көрініп жатыр. Музыкасын да, клиптерін де өте сапалы жасайды. Бірақ олардікі орысша болғасын, аса тыңдай бермеймін.

- Әндеріңізді тыңдап отырсақ, хейтерлеріңіз көп дейсіз, шынымен де солай ма?

- Иә, өте көп. Көпшілігі «қазақ тілі рэпке арналмаған тіл», «қазақ тілі қой бағудың тілі» деген әңгімелер айтып отырады. «Киіз үйде тұрып, қой бағып, бешбармақ жеп жатыңдар. Рэпке араласпаңдар» дейтіндер де жетерлік. Біз осы түсінікті жою үшін барша күшімізді салып жатырмыз. Қазақ рэпі арқылы қазақ тілін жастардың арасында сәнді тілге айналдырғымыз келеді. Бәрі сәтті шығып жатқан сияқты.

http://im9.asset.yvimg.kz/userimages/arsik/qn0Y3apdinBe6hpDxCab6DUdh8inGb.jpg

http://im6.asset.yvimg.kz/userimages/arsik/sjwGCDZyN4Xes36nAKIF3jzsVH3FrU.jpg

http://im2.asset.yvimg.kz/userimages/arsik/Ah5unYyT6lDXoLxjjWnJ0K7gqo19QS.jpg

- Қазақ әдебиетінің тарихын алатын болсақ, Қорқыт, Шалкиіз, Доспамбет секілді жыраулар халықтың сөзін сөйлеп, ежелгі қазақ философиясын құрған. Қарап отырсақ, рэп орындаушылар да көше философтарына жақын, әрі қарапайым халықтың ой-толғанысын шығармашылығы арқылы жеткізіп отырады. Мысалы, ресейлік “Каста” тобы, олардың рэптері поэзиямен үндес. Бұл бағытта жұмыс жасағыңыз келмей ме?

- Басында айтып кеткенімдей, бұрын жазбаша ақын болғанмын. Сол кезде өлеңдерімнің сөйлемдерін күрделі етіп, мағынасын тереңдетіп жазуға тырыстым. Соны жігіттерге оқып берсем, бәрі: «жақсы, жақсы» - дегеннен әріге бармайтын. Өйткені біздің тыңдармандар тың дүниелерге, философияға әлі дайын емес. Қазақша рэп енді-енді дамып келе жатыр. Сондықтан да біз бірден интеллектуалды рэп жасай алмаймыз, оны біртіндеп, мөлшерін реттеп беріп отыру керек. Қазіргі тыңдарман аса қатты ойланғысы келмейді. Оған нақты-нақты, қабылдауға жеңіл, бірден түсінетін рэп қажет. Тыңдарманымыз дайын болған кезде күрделі рэп, абстракцияны қолданармыз.
Бүгінгі ресейліктердің үрдісі - осы абстракті хип-хоп, бұл стиль сәнге айналып бара жатыр. Не айтып жатқанын түсінбейсің. Әйтеуір әдемі сөздер жиынтығын беріп жатыр. Оны әр тыңдарман қалай түсінгісі келсе, солай түсіне береді. Келешекте біз де осы стильді қазақ рэпіне әкелеміз.

http://im5.asset.yvimg.kz/userimages/arsik/bn4HLSXaXfQl16WiV7wCeG6P7119VL.jpg

Ал тыңдарманды тәрбиелейміз, олардың ой-өрісін кеңейтеміз деген ойыңыз болған жоқ па?

- Көптеген журналдарға, телеарналарға сұхбат бергенімізде бізге: «сіздердің рэптеріңіз зорлық-зомбылықты, мәдениетсіздікті насихаттайды» - деп айыптап жатады. Бірақ музыка деген, біріншіден – көңіл көтеру. Тыңдарман оны тыңдаған кезде көңіл-күйі көтеріліп, демалуы керек. Мүмкін 10 жылдан кейін рухани құндылықтарымыз өзгереді, бала-шағамыз болады, сол кезде «жақсы адам болу керек қой, әндерімді балам естіп қалса, ұят болып қалмасын» - деген ойлар келгенде, өзгерерміз. Ал қазіргі таңда жасап жүрген жобаларымыз өзімізге ұнайды.
Тәрбие жайында аса қатты ойлана бермеймін. Әрине, ара-арасында бұзықтықты қойып, болашақты ойлау керек деп айтып қоямын. Бірақ ондай көп ақыл айтып, тыңдарманды депрессияға түсіру өз басыма ұнамайды. Онсыз да қазір халықтың жағдайы мәз емес.

http://im9.asset.yvimg.kz/userimages/arsik/p1GifDZ9s2f0C4M6818bh821qv4Pzo.jpg

- Сонда қазір тек сұранысқа жұмыс жасайсыздар ғой?

Иә, әрине, сұраныс. Ең алғашында рэп жасап, ән жазып, интернетке шығаратынбыз. Сол кезде тыңдарманның пікірлері үшін ғана жұмыс жасағандаймыз. «О, жақсы жасадыңдар», «Молодцы, жарайсыңдар» - десе, мәз болып қалатынбыз. Ал қазір оған қанағаттанбаймыз. Қазір бізге концерттер керек. Халық не сұраса, соны береміз. Егер “өмір қиын, бәріміз өлеміз” - деп жылайтын әндер жаза беретін болсақ, концертке ешкім келмей қояды. Сондықтан да тыңдарманның сұранысына қарай жұмыс істейміз. Арасында өмірдің ащы келбеті жайында да бір-екі трек шығарып қоямыз.  Бірақ негізінде тыңдарманның сұранысын қанағаттандыруды мақсат етеміз. Себебі бұл бизнес.